Атырауда түн ортасында төбелескен екі жігіттің ісі сотқа жолданды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 шілдеде сағат 03:57 шамасында екі жігіттің төбелескені бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Атырау қаласындағы «Алмагүл» шағынауданында орналасқан үйлердің бірінің ауласында екі ер адам төбелес шығарған. Атырау қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығының қызметкерлері жанжалдасқан жігіттерді бейнебақылау арқылы байқап қалған. Содан кейін патрульдік полиция қызметкерлеріне тиісті мәліметтер берген», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, екі ер адамды ұстады. Оның бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласының, екіншісі Атырау облысының Махамбет ауданының тұрғыны екені анықталды.
Алкогольдік ішімдік ішкен екі жігіт бір-бірімен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқан. Сол себептен, тәртіп сақшылары оларды медициналық сараптамадан өткізуге шешім қабылдаған. Медициналық сараптаманың қорытындысымен төбелесқұмарлардың орта дәрежелі мас күйде екені белгілі болды.
Қазір түн ортасында қоғамдық орында төбелескен 41 және 30 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен (Ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды. Ал, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды. Енді олар сот шешімімен бес айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл төлеуі немесе он тәулiкке әкiмшiлiк қамауға алынуы мүмкін.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жыл басынан бері мас күйде рульге отырған 270 жүргізуші ұсталғанын https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-zhyl-basynan-beri-mas-kuyde-rul-ge-otyrgan-270-zhurgizushi-ustaldy_a3952609 хабарлаған болатынбыз.