Атырауда «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Жасұлан Жақсылық Атырау облысы Ішкі істер департаменті басшылығы және қызметкерлерімен кездесу барысында хабарлады.

Кездесуге қатысушылар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді кешкі уақытта қараудағы нақты әрекеттер алгоритмі мен мүмкіндігін талқылады.

Сот төрағасы түнгі соттарды енгізудің басты мақсаты азаматтардың соттағы құқығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Сот дауларын кешкі уақытта қарау әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізуді жеңілдетеді және азаматтардың уақытын үнемдейді», - деді Ж.Жақсылық.

Бірінші жұмыс күнінде жоба шеңберінде көлік құралдарының зақымдануына әкеп соққан, жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы туралы 7 материал қаралды.

«Жоба аясында Атырау қаласының әкімшілік сотында 18 сағат 30 минуттан бастап 22 сағатқа дейінгі уақыт аралығында жол жүру ережелерін бұзу туралы әкімшілік істер мен материалдар қаралатын болады. ЖКО қатысушылары істің жоғарыда аталған уақытта қаралуына келісім берген жағдайда, уәкілетті органның қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жанына ЖКО жасалған сәттен бастап үш тәуліктен кешіктірмейтін, күні мен уақыты көрсетілген сотқа келу туралы үзік талон толтырады», деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар
telegram