12:00, 20 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Атырауда тұрғын үйдің шатыры өртенді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында тұрғын үйдің шатыры өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт кеше, 19 қыркүйекте сағат 16:17 шамасында тұтанған.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне түскен шақыртумен барған құтқарушылар Атырау қаласының Майлин өткелінде орналасқан жеке иеліктегі тұрғын үйдің шатыры мен кіреберісі толықтай жанғанын анықтады. Жалын сағат 16:48-де оқшауланып, сағат 16:55-те толық сөндірілді. Өртті сөндіруге арнайы қызметтің 18 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Зардап шеккендер жоқ. Қазір үйдің иесі мен өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Ақжайық» резерватының 1 гектар аумағы өртенгенін хабарлаған едік.