Атырауда түрлі құқық бұзушылық жасаған 1 113 адамнан саусақ ізі алынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда түрлі құқық бұзушылық жасаған 1 113 адамнан саусақ ізі алынды. Өңірде 1 қазаннан бері «Учаске» іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іс-шара кезінде Атырау қаласы мен аудандарда 55 340 үй, 1 023 жалдамалы тұрғын жай, 952 қыстақ пен шаруа қожалықтарының нысандары тексерілді. Нәтижесінде заңсыз жалдауға берілген 313 пәтер мен үй анықталды. Жасөспірімдер тарапынан және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға мән беріліп отыр. Полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдік ішіп жүрген 1, ата-ана қарауынсыз қалған 4, түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 131 жасөспірімді ұстады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан шетел азаматтарын қабылдағаны туралы хабарламаған 372 дерек анықталып, олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабымен жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңдылығын бұзуға қатысты 2 726 дерек анықталды.

«Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-519 бабымен ел аумағында көші-қон ережелерін сақтамаған 478, 492-бабына сай тіркеусіз жүрген 180, өзге де құқық бұзушылық жасаған 1 682 адам бар. Полиция органдарына жеткізілген 1 113 адамнан саусақ ізі алынып, фото-видео есебіне қойылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында балабақшаны талқандаған жасөспірімдердің ата-аналарына айыппұл салынғанын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-balabakshany-talkandagan-zhasospirimderdin-ata-analaryna-ayyppul-salyndy_a3993543 жазған едік.


Фото: archive.ysia.ru




Соңғы жаңалықтар