Атырауда тұрмыстық қалдық шығару тарифі үш есеге жуық өсуі мүмкін

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының тұрғындары үшін тұрмыстық қалдық шығару тарифі үш есеге жуық өсуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір Атырау қаласының тұрғындары тұрмыстық қалдық шығару қызметі үшін бір адамға 205 теңге төлейді. Енді бұл тариф үш есеге жуық өсіп, 594 теңгеге жетуі мүмкін.

Атырау қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын бекіту мәселесі қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиевтың айтуынша, «Арнаулы автобаза» ЖШС 2006 жылғы бекітілген тариф негізінде қызмет көрсетеді. Енді жайлы тұрғын үй (көпқабатты) тұрғындарына бір адамға

527,83 теңге, жайлы емес тұрғын үй тұрғындары үшін бір адамға 594,36 теңгеге көтеру ұсынылып отыр.

«Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас Ізтілеуовтің пікірінше, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және көмуге арналған тарифтерді бекітуде барлық шығындар есептелген. Тарифті көтеруге инфляция, қосалқы бөлшектер мен жанармайдың, қолғап, сыпырғыш секілді бұйымдардың қымбаттауы себеп болған. Бірнеше санаттағы адамдарға ұсынылатын жеңілдіктер бар. Мәселен, соғыс ардагерлеріне 100%, соғысқа қатысушыларға теңестірілгендерге, көпбалалы аналарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұрғындарға 50% жеңілдік беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жасына байланысты зейнеткерлерге 25% жеңілдік қарастырылған.

Алайда, Атырау қалалық мәслихатының депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған тарифті бекіту мәселесін бір аптаға кейінге шегерді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда монополист ауыз су тарифін 100 пайызға көтеруді сұрап отырғанын жазған едік.