Атырауда Үкімет басшысы бюджет саласындағы қызметкерлерге жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты
АТЫРАУ. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырауда 90 пәтерлі жаңа тұрғын үй қолданысқа берілді. Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне облыста жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты.
Тұрғын үй құрылысына тапсырыс беруші Атырау қалалық құрылыс бөлімі болып табылады. Оның салынуы облыстық бюджеттен алынған 304 миллион теңге көлеміндегі трансферттік есеп бойынша жүзеге асырылды. Бұл бес қабатты үй алдымен бюджет саласының қызметкерлеріне берілді.
Жаңа қонысқа ие болған тұрғындардың алғашқысын жылы жүзбен құттықтаған Үкімет басшысы бір пәтерді қарап шығып, барлығына денсаулық, бақыт және жақсылық тіледі.