Атырауда үшінші егізін күтіп жүрген ана дауыс берді
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін, 20 қарашада сағат 09:00-ге дейін 6 нәресте өмірге келген.
«Бүгін, түнгі сағат 00:00-ден сағат 09:00-ге дейін Атырау қалалық перзентханасында 3 ұл, 1 қыз, ал, облыстық перинаталдық орталықта 1 ұл мен 1 қыз дүниеге келді. Аналар мен нәрестелердің жағдайы қалыпты. Олар дәрігерлердің бақылауына алынды», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Атырау қалалық перзентханасында жас ана Жаннат Нұреденова түнгі сағат 02:00-ден кейін ұл босанған.
«Бұл – тұңғыш сәбиім. Салмағы 3 келі 300 гр, бойы 55 см болып дүниеге келді. Қазір ұлым екеуміздің жағдайымыз жақсы. Ұлымның болашағы жарқын болуы үшін дауыс бердім», -дейді Жаннат Нұреденова.
Перзентханада босанар күнді күтіп жүрген аналардың қатарында Райгүл Сүлейманова да бар. Оның төрт баласы бар. Екі рет егіз босанған.
«Егіздің бірінші жұбы – ұлдар. Қазір олар 15 жасқа толды. Ал, екінші жұп – қыздар. Олардың жасы – 10-да. Енді тағы да егіз күтіп жүрмін», -дейді Райгүл Сүлейманова.
Бұл перзентханадағы сайлау учаскесінде 103 ана дауыс берді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда биыл 96 егіз өмірге келгенін хабарлаған болатынбыз.