Атырауда ұстаздарға құрмет көрсетілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде білім беру саласының жүздеген мұғалімі мен ардагері жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев білім беру саласының қызметкерлерін құттықтап, олардың жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестерін, үлкен жауапкершілікті және үлкен құрметке лайықты еңбектерін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөзінде барлық аспектілерде, оның ішінде білім беруде адами капиталдың сапасын арттыру жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. Сіздердің мойындарыңызға ауыр жүк артылған, бұл - шәкіртерге берілетін білім байлығы. Жыл сайын жұмыстарыңыз өте күрделене түсуде, уақыт үнемі жетілдіруді, жаңа технологияларды меңгеруді және өз білімдеріңізді жаңаша үйрету дағдысын талап етеді», - деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы бүгінгі күні аймақта білім беру секторының материалдық-техникалық және әдістемелік базасын жетілдіру, білікті педагогикалық кадрларды тартуға, сақтап қалуға және қолдауға бағытталған үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда облыстың білім беру саласына 194 мектеп, 328 балабақша, 3 жоғары оқу орны, 24 колледж кіреді, онда 123 мыңнан астам шәкірт білім алып, 15 мыңнан астам педагог қызметкерлер жұмыс істейді.
«Сіздер қиын, бірақ лайықты және мәртебелі жұмысты таңдадыңыздар. Осы еңбектің арқасында жүз мыңдаған жасөспірім білім алады. Олардың көпшілігі халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Бұл сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші. Өз кезегінде мемлекет сапалы білім алу үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды», - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі кездесуде педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігін атап өтті. Өткен жылы жергілікті бюджеттің қолдауымен 222 білім гранты бөлінген, оның 159-ы педагогикалық мамандықтар бойынша. 2018 жылы гранттар саны 234-ке дейін өсті.
«Осы қарқында біз, бес-алты жылдан кейін білікті кадрлар тапшылығы мәселесін шеше аламыз. Біз тұрақты бәсекелестік әлемінде өмір сүреміз. Табысты дамып, бәсекелесу үшін лайықты және білімді ұрпақты тәрбиелеу керек», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Кездесудің соңында педагогтардың құрметіне арналған гала-концерт қойылды. Ұстаздар қауымы алдында белгілі әншілер өнер көрсетті, сондай-ақ театрландырылған шоу өткізілді.
Мереке соңында облыс әкімі үздік мұғалімдерге «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерін табыс етті.