Атырауда үздік волонтерлер анықталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда волонтер жылының қорытындылануына орай үздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда үздік волонтерлер анықталды

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, волонтерлер науқастардың өмірін сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Мұқтаждар үшін қаржы жинап, дәрі-дәрмектер, азық-түлік жеткізіп берді. Волонтер – бір жағынан қайырымдылық болса, екіншіден, жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатын іс. Волонтерлікті серік еткен жандардың бойында толассыз ерік-жігер мен ең асыл қасиеттер бар. Бұл – мейірімділік пен қайырымдылық.

«Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп Елбасы айтқандай, бірлік пен татулық қоғамымызға күш беріп отыр. Соның нәтижесінде коронавирус пандемиясын бірлесе еңсеріп келеміз. Тегінде қиыншылық пен ауыртпалыққа төзімділікпен, рухани күш-жігермен төтеп беру – ынтымақ пен бірліктің айқын белгісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «...Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Бұл – ең алдымен, өркениетті елдің және жауапкершіліктің белгісі» деп атап көрсетті. Волонтерлерге зор сенім арта отырып, әдайым абыройлы, табысты болуына тілекшімін», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Атыраулық волонтердің бірі Бекасыл Самиғолла осынау игі істі 13 жасында бастаған. Қазір ол жетекшілік ететін «АВК» жас волонтерлер корпусы 50 жасөспірім үшін ағылшын тілі курсын ұйымдастырған.

«Арамызда құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаты төмен адамдар аз емес. Сондықтан біздің мақсатымыз – заңгерлердің, қаржыгерлер мен IT мамандардың қатысуымен оқыту курстарын ұйымдастыру. Атырау экологиясы ластанған аймақтар тізіміне енгендіктен, енді тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру үшін жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», - дейді Бекасыл Самиғолла.

Волонтер жылының қорытындысымен «Жомарт жүрек» номинациясында бес волонтер үздік деп танылды. Мәселен, Алтынгүл Шакимова корпоративтік еріктілігі, Арман Хайруллин қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесі, Гүлназ Қосмұрзиева әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқаны үшін марапатталды.

Ал Марат Өмірзақов «Жыл меценаты», NCOC компаниясы «Жылдың үздік ұйымы» болып танылды.

«Былтырғы наурызда еріктілер корпусының құрамында қайырымдылық мақсатта қаржы жинауға қатыстым. Бір айда 7 миллион теңге жинадық. Бізге ірі компаниялармен бірге, қарапайым тұрғындар да көмек берді. Соның нәтижесінде 2 мыңға жуық отбасы азық-түлік себетін алды. Пандемия кезінде дәрі-дәрмектерді Ресейдің Астрахань қаласынан алдырып, мұқтаж адамдарға тараттық. Бізге 90-ға жуық автоволонтер зор қолдау көрсетті», - дейді Гүлназ Қосмұрзиева.

Сондай-ақ, бір топ волонтер «Халық алғысы» медалімен марапатталды.