Атырауда «Заңдылық» атты жаңа жүйе таныстырылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда сот қорғауына қолжетімділікті едәуір жеңілдететін және бірыңғай сот практикасын қалыптастыратын «Заңдылық» жүйесі таныстырылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Жобаның мақсаты - Соталды тергеу және сот органдарының ақпараттық-талдау жүйесінің бірыңғай тізілімін интеграциялау есебінен қылмыстық үдерістің сапасын арттыру. Яғни барлық қылмыстық үдерісті автоматтандыру жоспарлануда. Бұл қандай да бір заң бұзушылықты анықтаудың уақтылығын, ашықтығын, объективтілігіне ықпал етеді. Бастысы, жүйе азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бағдарламаға қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстердің барлық нормалары жүктелді», - деп хабарлады ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.
«Заңдылық» жүйесін әзірлеушілердің хабарлауынша, аталмыш жүйе айыппұл көлемін, жасөспірімдерге жаза тағайындау кезінде жас ерекшелігін немесе жазаны дұрыс тағайындау тәртібін айқындай алады. Бұл үдерісті жеделдетіп қана қоймай, сот өндірісінің көптеген кезеңдерінде адам факторын алып тастауға мүмкіндік береді. Атырау облысында жобаны жыл соңына дейін енгізбек.