Атырауда заңсыз алаңға төгілген 2 300 тонна қоқыс шығарылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда рұқсат етілмеген алаңға төгілген 2 300 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштан мониторинг жүргізу қорытындысына сәйкес, стихиялық 87 қоқыс алаңы анықталған. Оның ішінде 30 қоқыс алаңы жеке иелікте екені белгілі болып отыр.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шаһар аумағында 75 стихиялық қоқыс алаңы орналасқаны белгілі болған. Осыған орай, әкімдіктің тапсырмасымен «Арнаулы Автобаза» ЖШС-нің жанынан стихиялық қоқыс алаңдарын жою үшін жұмыс тобы құрылған.

«Қолдан жасалған» қоқыс алаңы рұқсат етілмеген жерлерге құрылыс қалдықтарын төгу салдарынан пайда болған. Құрылыс қалдықтарын тазартуға «Арнаулы автобаза» серіктестігінен 30 жұмысшы мен 10 арнайы техника жұмылдырылды. Осы 35 алаң тазартылып, 2 300 тонна қоқыс шығарылды.

«Қала келбеті тек сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Атыраудың ажары оның тазалығына да байланысты. Сондықтан, қала тұрғындары қоқыс үйінділерін рұқсат етілмеген жерге лақтырмай, арнайы қоқыс полигондарына апарған жөн. Осы орайда, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендерді байқасаңыз, «109» байланыс орталығына, Атырау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жедел хабарлау сұралады», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласында «100 аула» жобасын іске асыру басталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram