Атырауда заңсыз алынған үш пәтер анықталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мамандары заңсыз алынған үш пәтерді анықтады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 72-бабына сәйкес, тұрғынжай алу үшін есепке қоюдан бас тартуға немесе үйге мұқтаждар тізімінен шығаруға: соңғы бес жылда тұлғаның жер телімі, пәтері немесе тұрғын үйі болғаны анықталуы негіз болады. Меншіктері тексерілген тұлғалардың иелігінде жер телімі түріндегі жылжымайтын меншік болғаны анықталды», деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Жәнібек Қаражанов.
Фактілер тұрғын үй алуға кезекке тұрғандардың тізімін тексеру барысында анықталған.
Осы ретте айта кететін мәселе - Атырауда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алу үшін 18 600 адам кезекте тұр. Департаменттің жыл сайынғы тексерістері барысында алынған мәліметтерге қарағанда, кезекте тұрған 4000-ға жуық адамның өтініші талапқа сәйкес болмағандықтан олар тізімнен шығарылады.