Атырауда заңсыз хаттама толтырған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда заңсыз хаттама толтырған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда заңсыз хаттама толтырған полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Атырау қалалық прокуратурасы таратқан ақпаратқа қарағанда, полиция қызметкерлері тарапынан әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы толтырылған хаттамалардың

заңдылығына талдау жүргізілген.

«Тексеру нәтижесімен азаматтарды заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тарту деректері анықталды. Атап айтқанда, азаматтар қоғамдық орындарды, саябақтарды ластау, оның

ішінде белгіленбеген жерлерге коммуналдық қалдықтарды лақтыру, сондай-ақ, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерінің бұзылуына кінәлі деп айыпталған.

Алайда, «құқық бұзушылар» өздерінің жағымсыз тәртібі туралы мүлдем күдіктенбеген.

Полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардың сырттынан әкімшілік хаттамаларды толтырып, жаза ретінде ескерту немесе айыппұл түріндегі жазаларды қолданған. Бұл дерекке байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 416-бабының 2-бөлігімен (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалау) қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру үшін Атырау облыстық полиция

департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды», - дейді Атырау қалалық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Ерлан Какиев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау перзентханаларында қызметтер бағасы негізсіз өсірілгенін хабарлаған болатынбыз.