Атырауда жалған жарнамамен 15 адамның көлігін жалға алған алаяқ сотталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жалған жарнамамен 15 адамның көлігін жалға алған алаяқ сотталды. Одан жәбірленушілер пайдасына 74 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Атырау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Бекбала Ақылбековтің мәліметіне сүйенсек, былтыр ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) 146 қылмыстық іс сотқа жіберілген.

«Алаяқтық – қылмыстық құқық бұзушылық. Оның құрбаны алданудың нәтижесінде өз мүлкінен айырылады. Мәселен, С.М. әлеуметтік желі арқылы автокөлікті жалға алу жөнінде жалған жарнама берген. Осы жарнамаға алданған 15 жәбірленуші өздерінің автомашиналарынан айырылған. Оларға аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірілген. Атырау қалалық №2 сотының үкімімен С.М. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің пайдасына 74 млн теңге өндірілді», -деп хабарлады Бекбала Ақылбеков.

Оның айтуынша, алаяқтарға заң алдында бәрібір жауап беруге тура келеді. Алаяқтық қылмысы жасағандарға мүлкі тәркіленіп, айыппұлдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Алаяқтық қылмыстың көпшілігі банк карталарын пайдалану, оған қашықтан қол жеткізу арқылы жасалпды. Алаяқтар өздерін банк өкілі ретінде таныстырып, карта пайдаланушысына қоңырау шалады. Күмәнді операциялардың болуы мүмкін екендігін хабарлап, он бұғаттау мақсатында мобильді қосымшаларды орнату жөнінде немесе құпия мәліметтің хабарлама кодын сұрайды. Сондықтан азаматтарға интернет алаяқтардан сақ болуды, банк картасының мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауды ұсынамыз», -дейді Бекбала Ақылбеков.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс өскенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар