Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда жалғызбасты зейнеткерді көршісі тонап кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда 67 жастағы жалғызбасты зейнеткерді тонаған көршісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жалғызбасты зейнеткерді көршісі тонап кеткен

«Түн ішінде көршім пәтеріме баса-көктеп кіріп келіп, қылғындырды. Ақша, банк картасын, телефонымды талап етті. Өзі жұмыс істемейді, ішімдік ішкенді жақсы көретін жігіт. Өміріме төнген қауіптен қатты қорықтым. Мобильді телефонымды, банк картасын беріп құтылдым», - дейді полицияға арызданған Авангард-2 ықшамауданындағы көп қабатты үйде тұратын 67 жастағы зейнеткер.

Көршісінен зәбір көрген зейнеткер есін жиып, өз-өзіне келген соң көршілері арқылы полицияға қоңырау шалған. Тәртіп сақшылары жәбірленушіден тонаушы туралы мәліметті алып, жан-жақты іздестіруге кіріскен.

«Полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 29 жастағы күдіктіні ұстады. Одан айғақ заттар алынып, зейнеткерге қайтарылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда әйелден 150 мың теңге бопсалаған тұрғын ұсталған болатын.