Атырауда жаңа кәріз суын тазартатын кешен салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда кәріз суын тазарту стансасы салынып, «Сасық сай» жабылады. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру жиынында Атырау қаласының әкімі Серік Шапкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жаңа кәріз суын тазартатын кешен салынады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше,  аталмыш нысан облыс орталығының сол жақ бөлігінің кәріз суын тазарту мәселесін шешеді. КТС алдағы жылы пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр.

Жоба құны 10,1 млрд теңге. Қаланың сол жақ бөлігіндегі кәріз суын тазарту құрылғылары кешені Атырау қаласының оңтүстік,  оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасады.

Бір айта  кетерлігі, ол пайдалануға берілгеннен кейін бірнеше жыл бойы тұрғындар шағымданып келген «Сасық сай»  жабылады. Кешенде бас кәріз стансасы, су тазартушы құрастырмалы коллектор,  кәріз суын тазарту құрылғысы алаңы, булану алаңы мен биологиялық тоған алаңы болады. 

Құрылыс өткен жылдың аяғында басталды. Қазір нысанның өндірістік, тұрмыстық ғимараттар блогы, көлікжай,  ауаөткізгіш станса, жылу қазандығы, хлорлау, лай сору стансасы, дренаж сорғыш стансасы салынып, темірбетонмен қоршалды, өткел жол төселді.
null 

Кешен тәулігіне  70 мың текше метр су қабылдай алады. Кәріз суын тазарту кезең-кезеңмен механикалық және биологиялық әдіспен жүргізіледі. 

«2016 жылы аймақ басшысы Атырау қаласының сол жақ бөлігінде кәріз суын тазарту мәселесін шешуді тапсырды,- деді Серік Шапкенов. -Құрылыс 1978 жылы салынған, содан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Ағын су булану алаңына жетпес бұрын тазартудың толық сатысынан өтпейді. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды, егер төтенше жағдай болса, түгел қала лас судың астында қалар еді. Қазір осы түйткілді шешіп жатырмыз, қаланың оң жақ бөлігінде КТС құрылысының жобалық смета құжаттары жасалып жатыр». 

Айта кетейік, 2016 жылы қараша айында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев селекторлық жиналыста кәріз суларының су тарту жүйесінің жағдайын жайлап әрекет ететін «бомбаға»  теңеп еді. Аймақ басшысы қала билігіне осы мәселені шешуді міндеттеген.

null