Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 1 мыңнан астам арнайы құралдар ұрланған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жаппай тәртіпсіздік кезінде 1 мыңнан астам арнайы құралдар ұрланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилимның мәліметінше, облыстық әкімдік ғимаратына шабуыл кезінде полиция қызметкерлерінен 9 дана атыс қаруы тартып алынған. Қазір оның 4-еуі кері қайтарылған.
«Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар 1 мыңнан астам қалқан, каска және басқа да арнайы құралдарды заңсыз иемденген. Тартып алынған құралдардың 52-сі табылды. Қазір қалғанын іздеу жалғасып жатыр. Сол себептен, тұрғындардан ұрланған қарулар мен арнайы құралдарды полицияға тапсыруға шақырамын.
Қаруды ерікті тапсырған азаматтар заңмен қудаланбайды», -деп мәлім етті Абзал Гилим.