Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық іс тергеліп жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын Атырауда жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккен полицейдің жағдайы әлі де ауыр екенін жазған болатынбыз.
Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал Гилимның айтуынша, қазір арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жаппай тәртіпсіздікке қатысты 28 қылмыстық істі тергеп жатыр.
«Оның ішінде терроризм актілеріне қатысты 2, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысуға байланысты 10, билікті басып алуға шақыру дерегімен 1 қылмыстық іс бар. Сондай-ақ, полицияға қарсы күш қолдану бойынша 2, қаруды ұрлауға қатысты 1 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жаппай тәртіпсіздік кезіндегі іс-әрекеттер жазылған бейнежазбалардың барлығы зерделенді. Зардап шеккендер мен куәлардан жауап алынды. Сот санкциясымен 25 адамға бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шарасы қолданылды. Бір адам үй қамақта отыр», -деп хабарлады Абзал Гилим.