Атырауда жас таланттарға арналған 100 орындық жатақхана ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін  Атырау музыкалық колледжінің "Д.Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясы" 100 орындық жаңа жатақханасы салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда жас таланттарға арналған 100 орындық жатақхана ашылды

Шарада облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев жаңа жатақхананың салынуы студенттер үшін маңызды екенін айтты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бес әлеуметтік бастамада көрсетілген жатақхана салу мəселесі бойынша, өңірімізде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл колледжде білім алып жатқан студенттер үшін қуанышты оқиға. Жаңа ғимарат студенттердің оқуына жəне өз уақыттарын жайлы жағдайда өткізуге мүмкіндік береді", - дейді Қайырғали Кенжеғалиев.

null
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында болған сапары кезінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңа жатақханасына барғанын облыстық білім беру басқармасының басшысы еске салды.

400 орынға есептелген ғимаратты «КазТрансОйл» АҚ берді.

"Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады. Көп ұзамай екі жатақхананың құрылысы басталады. Сондай-ақ, сегіз жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Бұл жатақханалар 1000-нан астам студенттерді қамтитын болады.

Бұдан бөлек, Исатай ауданында орналасқан колледждің 100 орындық жатақханасының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының жатақхана құрылысы жүргізілуде", - дейді Қайырғали Кенжеғалиев.

Айта кетелік, бүгінгі таңда музыкалық колледжде 222 студент білім алуда. Оқу орнының ұжымы жыл сайын түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, өнерлерін Ресей, Түркия және Италия елдірінде көрсетіп келеді. Д.Нұрпейісова атындағы халық музыка академиясының түлектері - Қазақстан мен Ресей елдеріндегі ЖОО-дағы беделді студенттері.