Атырауда жас жігіт бейнетүсірілім үшін биік көпірден секірді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат -Атырауда Жайық өзеніндегі көпірден секірген азаматтың бейнетүсірілімі әлеуметтік желілерге тарап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жас жігіт бейнетүсірілім үшін биік көпірден секірді

Бұл бейнетүсірілімді Raimbek Jumagaliev атты азамат орналастырған. Бұл секірістің соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы да мүмкін еді. Абырой болғанда суға секірген жігіт аман қалды. Ал монтаждалып, музыкасымен берілген бейнетүсірілім көпшіліктің назарына ұсынылды.



Онда жас жігіт көпірдің үстімен кетіп бара жатады да, тоқтай қалып, жол жигендегі қоршаудан асып түсіп, Жайық өзеніне секіреді.

Абырой болғанда, жігіт бірден судан шығып жағалауға қарай жүзе бастайды. Атырауда жастардың көпірден Жайық өзеніне секіруі бірінші рет болып отырған жағдай емес. Өкінішке орай бірнеше мәрте қайталанған мұндай әрекеттердің соңы қайғылы аяқталған кездері де болды.

Айта кетейік, биылғы жылы осы өңірдің өзендеріне, негізінен Жайық өзеніне 14 адам батып кетті. Олардың 6-уы балалар.