Атырауда жатақханадағы өрттің себебі мейрамнан кейін жарияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда бірнеше адамның өмірін жалмаған жатақханадағы өрттің себебі мейрамнан кейін анықталады. Бұл туралы Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жатақханадағы өрттің себебі мейрамнан кейін жарияланады

«Атырау облысына қарасты Қарабатан елді мекеніндегі оқиғаға байланысты қазіргі уақытта тексеру жүріп  жатыр. Заңнамаға сәйкес  тексеру жүргізуге 10 күн беріледі. Біздің инспекторларымыз қазіргі уақытта Төтенше  жағдайлар комитетімен бірге оқиға орнында жұмыс істеуде.  Тексеру аяқталғанға дейін қандай да бір мәлімдеме жасауға немесе аталған тексерудің қорытындысы жайында айтуға құқымыз жоқ. Бәрі дайын болған соң мейрамнан кейін аталған тексеру нәтижелерін БАҚ-та ресми түрде жариялаймыз», - деді вице-министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, алдын ала болжамға сәйкес өрт электр желілерінің қысқа тұйықталуынан орын алған.

«Біз оқиға орнын толықтай қарап шықтық. Сол жерде жұмыс істейтін ұжыммен кездестім. Онда 800-ден астам қазақстандық жұмыс істейді. Құрылыс алаңындағы жұмыстар тоқтатылады деген шешім қабылданды. Жұмысшылардың басым бөлігі үйлерінен қайтарылады. Олар негізінен оңтүстік өңірлердің тумасы. Бұған қоса, жұмыс беруші жатақханалар толықтай тексеру өткенше, нормаға сәйестендірілгенше уақытша үйлеріне қайтарылған адамдарға да жалақы төлеп  тұру міндеттемесін мойнына алды», - деді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, жұмыс берушіде тағы 2 үлкен жатақхана бар. Олар барлық талаптарға сай келеді. Сондықтан оларға 200 адам орналастырылып, олар қалған жатақханаларды ретке келтіруге немесе жаңа жатақхана салуға жұмылдырылады.

Сонымен қатар ол қаза тапқандардың отбасыларына сақтандыру компаниясы өтемақы төлейтіндігін атап өтті. Ал зардап шеккендерге жұмыс беруші тарапынан қосымша көмек көрсету  заңнамада қарастырылмаған.

«Қаза тапқандарға қатысты айтарым, жұмыс беруші барлық шығындарды толықтай өз мойнына алды. Біз тексеріп шықтық. Олармен еңбек келісімшарты, сақтандыру келісімшарты жасалған. Олардың барлығы да сақтандырылған. Тексеру нәтижесінде сақтандыру компаниясы қаза тапқандардың отбасына барлық өтемақыны төлейді. Үш адам жарақат алды, екеуі ауруханада, біреуі шықты. Ауруханада жатқан жұмысшыларға сақтандыру төленеді. Жұмыс беруші өз бастамасымен оларға заңнамада қарастырылмаса да қосымша материалдық көмек көрсетпек», - деді Нұржан Әлтаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырау қаласынан шамамен 40 шақырым жердегі Қызылқоға ауданында салынып жатқан Қарабатан «Газтурбиналық электр стансысының» құрылыс аумағында орналасқан жатақхана өртенді. 6 адам қаза болып, 4-еуі зардап шекті.