Атырауда жатақхананың қабырғалары жарылып, студенттер шұғыл эвакуацияланды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде студенттерге арналған 1114 орындық 3 жатақхана бар.
Соның бірі – №2 жатақхана 1972 жылы салынған.
«Университеттің шаруашылық бөлімі 2022 жылдың қараша айында №2 жатақханадағы бірінші қабаттың қабырғасында ақау пайда болғанын анықтады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жатақхананың техникалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге конкурс жарияланды. Желтоқсан айында конкурста жеңімпаз атанған «Қазкәсіптік білім» ЖШС аталған ақауды жөндеуге болатыны туралы қорытынды берді. Университет тарапынан сараптамаға сәйкес 2023 жылдың даму жоспарына аталған жөндеу жұмыстарын жүргізу енгізілді», -деп хабарлады университеттің басшылығы.
Кейін жатақхана қабырғасындағы ақау ұлғайған.
Сол себептен, университет басшылары студенттердің өміріне қауіп тудырмау үшін Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына хат жолдап, сараптама жасауға көмек сұраған.
Басқарма жүргізген сараптама қорытындысына сәйкес жатақхана ғимаратына күрделі жөндеу қажет.
«Осыған байланысты биылғы 31 қаңтарда №2 жатақханада тұратын 560 студентті басқа жатақханаларға орналастыру жұмыстары басталды. Қазір студенттердің басым бөлігі универстеттің, APEC колледжінің, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жатақханасына орналасты. Оқу орнымен жасалған келісімшартқа сәйкес студенттер жатақханада оқу жылының соңына дейін тұрады. Қалған студенттерді орналастыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр», -деп ақпарат таратты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен.
Оқу орнында студенттерге туындаған сұрақтарға уақытылы жауап беруі үшін штаб құрылған. Арнайы CALL орталық жұмыс істейді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мектептің электр желісінен ақау шығып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілгенін жазған болатынбыз.
Фото: AtyrauPress