Атырауда Жайық өзеніне тағы бір бала батып кетті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Жайық өзеніне тағы бір бала батып кетті. Бұл биылғы көктемде өзен суында ажал құшқан төртінші сәби, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қайғылы оқиға өзенге жақын орналасқан Махамбет ауылында болды. Балалар үлкендердің қарауынсыз судың жағасында ойнап отырған. Кенеттен өзен жағасы опырылып, 2,5 жастағы ұл бала суға құлаған. Оқиға куәгерінің шақыруымен құтқарушылар 10 минуттан кейін жеткенімен, балдырғанды құтқарып қалу мүмкін болмады», - деп мәлімдеді ҚР ІІМ ТЖК «Батыс өңірлік аэромобильдік жедел-құтқару жасағы» ММ-нің басшысы Бақтияр Қадырханов.
Еске салайық, 2017 жылдың көктемінде Жайық өзеніне батқан бұл төртінші бала. Өзен суынан Махамбет ауылындағы апалы-сіңлілі кішкентай қыздар, сәл кейінірек қала маңындағы өзге кентте ұл бала ажал құшты. Барлық балалар жағада үлкендердің қарауынсыз болған.