Атырауда жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Дара» атты халықаралық шығармашылық кеші болып өтті

АСТАНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Мамырдың 6-7-сі күндері Атырауда жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Дара» атты халықаралық шығармашылық кеші болып өтті.
None
None

Шараны жазушының 55 жылдық мерейтойына байланысты Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды. «Алдымен облыс әкімі Бергей Рысқалиев қабылдады, сосын әкімдіктің коференц-залында «Дара» деген атпен шығармашылық кешім өтті. Оның соңынан «Мұстафа Шоқай» деп аталатын драмалық пьессам сахналанды. Режиссері- Жанат Қажиев. Кеште әсем әндер орындалып, билер биленді», - деді Р. Отарбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Жазушының айтуынша, кешке Түркиядан, Қытайдан, Ресейден және Қазақстаннан өзімен тығыз шығармашылық байланыста жүрген 40-тан астам делегаттар қатысқан. Олардың арасында қазақстандық ақын-жазушылар Төлен Әбдіков, Қажығали Мұхаметқалиев, Жұмабай Шаштайұлы, Қытайдан Амантай Сағат, Мәскеуден «Художественная литература» баспасының бас директоры, жазушы Георгий Пряхин, «Юношество» журналының бас редакторы Валерий Дударев, «Литературная газета» мерзімдік басылымы бас редакторының бірінші орынбасары Леонид Колпаков, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының өкілдері бар.

Рақымжан Отарбаев шығармашылық кешіне көңілі толғандығын атап көрсетті. «Ел-жұрт Атырауда мұндай халықаралық шығармашылық кештің бұрын-соңды өтпегендігін айтып жатыр. Бұл шығармашылық кешті өткізудегі басты мақсат - халықты рухани жағынан бір серпілту болатын. Мақсат орындалғандай», - деді жазушы.

Р. Отарбаев сонымен қатар шығармашылық кеші өзін қанаттандырғанын атап көрсетті. «Бас» деген романымды аяқтап, қазір аудармаға беріп жатырмын", - деді жазушы. Оның айтуынша, роман қазақ, қытай, орыс, түрік және француз тілдерінде жарыққа шығатын болады. Тиісті келісімшарттар жасалынған.

Соңғы жаңалықтар