Атырауда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, екі жолаушы ауруханаға түсті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырап, екі жолаушы ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, екі жолаушы ауруханаға түсті

Жол-көлік оқиғасы кеше, 30 қаңтарда кешкі сағат 21:40 шамасында болған.

Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов-И.Тайманов көшелерінің қиылысында «Toyota Camry» көлігі бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан. Сол кезде оң жағындағы «LADA Largus» жедел жәрдем көлігімен түйісіп қалған. Соққының екпінімен жедел жәрдем көлігі жол жиегіндегі жол белгісіне соғылған.

«Көше қиылысындағы жол апатының салдарынан жедел жәрдем көлігіндегі екі жолаушы әр түрлі дене жарақатын алғаны белгілі болды. Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазір жол-көлік оқиғасына байланысты тергеп-тексеру басталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында жол апатынан бес адам мерт болғанын хабарлаған едік.