Атырауда жедел жәрдем көлігі аударылып, фельдшер ауруханаға түсті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жедел жәрдем бригадасының көлігі аударылып, фельдшер ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол-көлік апаты бүгін, 13 желтоқсанда сағат 11:00 шамасында «Водниково-2» елді мекенінде болған.
Жедел жәрдем және «Volkswagen Touareg» көліктері аталған елді мекендегі 2-ші және 8-көшелердің қиылысында соқтығысқан. Соның салдарынан жедел жәрдем бригадасының көлігі аударылып қалған.
«Жол апатынан кейін облыстық аурухананың қабылдау бөліміне 1994 жылғы фельдшер түсті. Қазір ол нейрохирургия бөлімшесі дәрігерлерінің бақылауына алынды. Оған қажетті ем-дом шарасы көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Контузия алған, беті мен жағында жарақаты бар», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көпірден секірген жасөспірім қыздың жағдайы ауыр екенін хабарлаған едік.