Атырауда жедел жәрдем қызметінің жаңа бекеті өз жұмысын бастады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қала күніне орай жаңа медициналық нысанның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұрсая» ықшамауданында жедел-жәрдем қызметінің жаңа нысаны ашылды. Салтанатты шара әр жылы қазан айының алғашқы сенбісінде тойланатын қала күніне орай өткізілді. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов пен Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, жаңа нысан жақын маңдағы үйлер мен ықшамаудандардан 75 мың тұрғынды қабылдай алады. Шақыртуларға 8 жедел жәрдем бригадасы шығады. Жаңа жедел жәрдем бекетінің штат құрамы 50 адамнан тұрады. Мұнда 32 фельдшер, 18 диспетчер, жүргізушілер мен орта буындағы медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жаңа нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған, барлық реанимобильдерде GPS-навигаторлар орнатылған.
Сондай-ақ, бұл жерде алғашқы көмек көрсетуден практикалық тренингтер өткізетін оқу-жаттығу бөлмесі бар.
«Жақын арада «Нұрсая» ықшамауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 12 мың тұрғынға қызмет көрсете алатын жаңа емхана салынады. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен жергілікті бюджет және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен жуық арада Атырауда тағы бір бекет, сонымен қатар 3 қосалқы жедел жәрдем бекеті ашылады»,- дейді Мәншүк Аймұрзиева.
Айта кетелік, 1-7 қазан аралығында Атырауда қала күніне орай бірқатар мәдени және спорттық шаралар өткізу жоспарланған.

