Атырауда жеңіл көлік қаққан мотоцикл жүргізушісі ауруханада көз жұмды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жеңіл көлік қаққан мотоцикл жүргізушісі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда жеңіл көлік қаққан мотоцикл жүргізушісі ауруханада көз жұмды

Оқиға Атырау қаласында 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 20:50 шамасында болған. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

Мұнайлы шаһардың «Авангард» шағын ауданындағы Л.Владимирский көшесінде «Toyota Camry» көлігі солға бұрылыс маневрын жасау кезінде қарама-қарсы келе жатқан «Honda» мотоцикліне жол бермеген.

Соның салдарынан жеңіл көлік пен мотоцикл соқтығысқан.

Соққының екпінімен мотоцикл қарсы бағыттағы жолақта келе жатқан «ВАЗ-2114» көлігімен түйіскен.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл рулінде болған 1989 жылғы жүргізуші әртүрлі дене жарақатын алған.

Зардап шеккен жігіт жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілген.

«Аурухананың жансақтау бөліміне түскен 33 жастағы жігіт көз жұмды. Қазір полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу жүргізілуді бастады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасына ұрындыратын бірнеше себеп бар.

Біріншіден, мұны қарсы бағыттағы жолаққа шығумен байланыстыруға болады.

Екіншіден – жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден – жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден – жылдамдықты шамадан тыс асыру. Бесіншіден – мас күйде рульге отыру.

«Атырау облысының аумағында 6 айда осындай себептерден жол-көлік оқиғасы – 21,4, қаза болғандар – 60, дене жарақатын алғандар саны 11,8 пайызға өсіп отыр. Осы кезеңде жол-көлік оқиғасынан 40 адам қаза тауып, 189 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жыл басынан бері жылдамдықты шамадан тыс асырған 153 мыңнан, қарсы бағытқа шыққан 130-дан, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 800-ден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды», -деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болғанын хабарлаған едік.