Атырауда жоғалған баланың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы табылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда жоғалып қалған баланың ата-анасы әлеуметтік желі арқылы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төрт жасар бала қала көшелерінің бірінде көзге түскен. Ол жалғыз өзі серуендеп жүрген. Ол өзінің аты-жөнін, қайда тұратынын, жалғыз не істеп жүргенін айта алмаған. Полицейлер «102» қызметіне хабарласқан, алайда бала жоғалғаны туралы хабар түспеген. Сол кезде оның суретін әлеуметтік желіге жариялау туралы шешім қабылданды. Оның ата-анасы бір сағаттан кейін табылды. Осы оқиғадан кейін олармен сөйлесіп, жоғалған ұлын қайтарып бердік», - деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.
Белгілі болғандай, ата-анасы перзентханадағы туысына кеткен кезде бала үйдің ауласында ойнап жүрген. Бұдан бұрын ол үйінен ұзап кетпеген. Осы жолы белгісіз себептермен ауладан шығып, адасып кеткен.