Атырауда жол бойында шетелдік жүргізушілерді тонаған үш күдікті ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жол бойында шетелдік жүргізушілерді тонаған үш күдікті ұсталды. Күдіктілер қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тонау дерегі 21 ақпанда тіркелген.

«Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осы дерекке қатысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Аталған ауданның 18 және 20 жастағы үш тұрғыны 21 ақпанда «Атырау-Ақтау» тас жолының «Доссор-Құлсары» учаскесінің 8-шақырымы тұсында Өзбекстан Республикасының азаматтарын тонағаны анықталды. Күдіктілер тапаншаға ұқсас затпен шетелдіктерді қорқытып, 4 мобильді телефон мен 1 мың Ресей рубльін тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір жол бойында шетелдіктерді тонаған үш күдікті ұсталды. Үш күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігімен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып не осындай күш қолдану қатерін төндіріп тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда қоймадан ондаған жылу батареясы мен есептегіштер ұрлаған күдіктілер ұсталғанын хабарлаған едік.

Қоймадан 87 дана жылу батареясы, 15 қорапқа салынған 10 дана газ есептегіші мен 20 дана су есептегіші ұрлаған 1992, 2001 және 2003 жылы туған үш күдікті ұсталды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның мөлшері 5 млн 325 мың теңгені құрады.

Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар