Атырауда жұмысшыларының жалақысын бермей қойған директор 3,5 жылға сотталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда қызметкерлер жалақысын алаяқтықпен иемденген директор 3,5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау көлік прокурорының орынбасары Саят Сейітжанның мәлім етуінше, «Камал Крепость» ЖШС көлік саласындағы нысандарды күзеткен 58 қызметкеріне жалақыны толық көлемде төлемей келген.

«Атырау көлік прокуратурасына түскен шағымнан кейін нысандарды күзетумен айналысатын серіктестікте 58 қызметкердің жалақысы толық көлемде төленбеген дерегі анықталды. Тексеру кезінде ЖШС директоры Атырау қаласының 58 тұрғынын жалдаған. Бірақ, алаяқтық әрекетке барып, қызметкерлердің 9 млн теңгеден астам мөлшердегі жалақысын жымқырғаны белгілі болды. Серіктестік директорының заңсыз әрекетіне қатысты прокуратураның араласуымен ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен (Екі және одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүргізілді», -деп хабарлады прокурордың орынбасары Саят Сейітжан.

Оның айтуынша, бұл іс Атырау қаласындағы № 2 сотта қаралған.

Соттың үкімімен серіктестік директоры қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот оған жәбірленушілерге міндетті түрде залалды өтеп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда отыз адамға кредит алдырып, 40 млн теңгені қалтасына басқан алаяқ ұсталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырау облысында 337 жұмысшының 59 млн теңге жалақы берешегі өтелгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар