Атырауда жыл басынан бері 400-ден астам мас жүргізуші жазаланды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 400-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Мәселен, 17 қыркүйекте сағат 17:30 шамасында Ә.Молдағұлова көшесінің бойында «Hyundai Accent» пен «Hyundai Elantra» көліктері соқтығысты. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері «Hyundai Accent» маркалы автокөлігін басқарған 1983 жылғы жүргізушісінің алкоглоьдік ішімдік ішіп, рульге отырғанын анықтады» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Көлікті мас күйде жүргізген 38 жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 608-бабының 3-бөлімімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер) әкімшілік хаттама жасақталған. Сот шешімімен кінәлі жүргізуші 7 жылға көлік кұралын басқару құқығынан айырылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда бір аптада 18 мас жүргізуші ұсталғанын жазған болатынбыз.