Атыраудағы 60 елді мекеннің 4,5 мың оқушысын арнайы автобус тасымалдайды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 60 елді мекеннің 4,5 мың оқушысын арнайы автобус тасымалдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, саладағы 422 мекеме 9 923 бейнекамерамен қамтылған.
«Оның ішінде 1481 полицияның жедел басқару орталығына қосылды. Білім беру мекемелерінде «Жолда жүру ережелері» оқытылады. Өңірдегі 60 елді мекеннен 4 мың 561 оқушыны 49 автобус арқылы тегін тасымалдайды», -деп хабарлады Орынтай Биманова.
Оның айтуына қарағанда, балалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтау мақсатында Атырау қаласындағы 6 мектептің тұсына «Сергек» құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ, мектептер пен балабақшалардың, басқа да оқу орындарына таяу орналасқан жаяу жүргіншілер жолағының таңбалары мен жол белгілері, жасанды жол кедергілеріне қайта жаңырту жұмыстары жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда оқушыларды тасымалдайтын 23 автобус сатып алуға 1,1 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, биыл білім ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 млрд 544 млн 527 мың теңге бөлінген.
«Өткен жылы оқушыларды 49 автокөлік тегін тасымалдады. Енді жаңа оқу жылында 60 елді мекендегі 4 561 оқушыны тасымалдау жоспарланып отыр. Қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Көліктер қыркүйек айында оқушыларды тасымалдауды бастайды. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1 676 370,0 мың теңге қаралды», -дейді Серік Шәпкенов.