Атыраудағы «Болашақ» қондырғысының алаңында 1 млн тонна күкірт заңсыз сақталған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырығысының алаңында 1 млн тоннадан астам күкірт заңсыз сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экологиялық реттеу және бақылау комитеті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Атырау облысы бойынша экология департаменті «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының қызметіне тексеру жүргізген.
«Тексеру экологиялық заңнама талабын бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, «Болашақ» МКҚК қойма алаңдарында 1 млн тоннадан астам көлемде күкіртті нормативтен тыс орналастыру жүзеге асырылып отыр. Келісілген жобалық құжаттарсыз және экологиялық рұқсатсыз пайдаланылған сілтіні қалпына келтіру үшін күкірт қышқылын сақтаудың уақытша алаңы пайдаланылған. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс шаралар жоспары толық көлемде орындалмай отыр», -деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ағынды суларды тиісті тазартусыз буландырғыш тоғанға ағызу жүзеге асырылған. Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көзделген талаптарды орындалмаған. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз шлам аулағышты қайта бейіндеу жүзеге асырылған.
Тазартылмаған шикі газды алауларда экологиялық рұқсатсыз жағу жүзеге асырылған. Рұқсат құжаттары жоқ ТКЖО объектісінің булану сыйымдылықтарында өз бетінше эмиссиялар жүзеге асырылды. Осы фактілер бойынша компанияға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 324, 325, 326 және 328-баптарының 1-бөлігімен, 331-бабының 3-бөлігімен, 332-бабының 2-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Қазір әкімшілік іс Атырау қаласының әкімшілік сотында қаралып жатыр», -деп мәлім етті комитеттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысындағы «Болашақ» қондырғысында «Қашаған» мұнайын дайындау тоқтап тұрғанын хабарлаған едік.