Атыраудағы инфекциялық стационарда 102 жүкті әйел емделіп жатыр

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы инфекциялық стационарларда 1 420 науқас оқшауланған. Оның ішінде 102 жүкті әйел, жас босанған 4 ана мен 18 жасқа дейінгі 13 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстық мәслихатының кезектен тыс VІ сессиясында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлім етті.

Әкімнің айтуынша, өңірдегі эпидемиялық ахуал күрделеніп барады. Былтырдан бері ахуалды тұрақтандыру үшін 10 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Жедел медициналық жәрдем автопаркі толық жаңартылған. Сондай-ақ, 5 жылжымалы медициналық кешен жеткізіліп, медициналық нысандарда 8 оттегі станциясы іске қосылған.

«Қазіргі сәтте облыста күрделі жағдай қалыптасты. Атырау коронавирус инфекциясының тіркелуі дерегінің көбеюіне байланысты 26 маусымнан бастап «қызыл» аймаққа енді. Мұндай ахуал «Дельта» штамының таралуы мен тұрғындардың карантиндік шараларды сақтамауынан болып отыр. Статистикаға сүйенсек, ауру көрсеткіші 8 есеге өскен. Былтыр осы кезеңде орта есеппен 5 830 жағдай тіркелсе, биылғы көрсеткіш 7 767-ге жетіп отыр. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен карантиндік шаралар қатаң бақылауға алынды» -дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Өңірде «Ashyq»» жобасымен QR код алуға 812 өтініш түскен. Қазір 781 кәсіпкерлік нысан аталған кодты алған.

«Кейбір ауруханаларды инфекциялық стационарға айналдырып отырмыз. Жалпы инфекциялық стационарлардағы төсек-орын саны 2927-ге жетті. Қазір стационарлардың 48,6 пайызында 1420 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 102 жүкті әйел, жас босанған 4 ана мен 18 жасқа дейінгі 13 бала бар. Стационарлардағы науқастар саны соңғы 10 күнде 24 пайызға өсті. Ал, 3 896 науқас амбулаториялық ем қабылдауда» -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс әкімінің мәліметінше жедел жәрдем жұмысын күшейту мақсатында қосымша 7 жедел жәрдем бригадасы мен 4 диспетчерлік бекет іске қосылған.

Қауіпті вирустың таралуын тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина алу. Биылғы 1 ақпаннан бері 135 мыңнан астап адам вакцина салдырды. Алайда, әлі де коронавирус инфекциясын жұқтыру азаймай отыр. Қауіпті індеттің таралуы көбейіп, эпидемиялық жағдай ушықса, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұдан да қатаң шаралар қабылдаймыз» -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау стационарларының жансақтау бөліміндегі жүктеме 70 пайыздан асқанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар