Атыраудағы қамыс өртін сөндіруге теңіз жағалауындағы батпақ кедергі болып тұр - ТЖД

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтықта, теңіз жағалауында 14 қыркүйектен бері қамыс жанып жатыр. Жағалаудағы батпаққа байланысты өртті сөндіру мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, өрттің аумағы – шамамен 6 гектар.

Атырау қаласына қарайтын Кеңөзек ауылдық округінен 15 шақырым кашықтықта 14 қыркүйек күні сағат 20:40-та басталған қамыс өрті әлі бықсып жатыр. Сол күні өртті сөндіруге департаменттің 8 қызметкері мен 2 техникасы, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 3 қызметкер, 1 техника, Кеңөзек округінде тіркелген шаруа қожалығынан 3 қызметкер мен 3 трактор тартылған.

«Алайда, 15 қыркүйек күні Кеңөзек ауылдық округіндегі Алғабас кентінен Каспий теңізіне қарай 30 шақырым жерге дейін қамыстың бықсуы басталды. Қамыс өртінің жалпы аумағы – 6 гектар. Теңіз жағалауына баратын жолдың батпақты болуына байланысты өртті сөндіру мүмкін емес», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Кеше, 15 қыркүйекте Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2 қызметкері 1 ТРЭКОЛ техникасымен, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 30 қызметкері 10 техникамен қамыс өртін бақылауға алған. Ал, бүгін 16 қыркүйекте «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері қамыс өртін қарауылдау жұмыстарын жалғастырды.

Қамыс өрті Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауына алынған. Өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейінАтырау қаласынан 30 шақырым жерде 6 гектар қамыс жанып жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар