Атыраудағы қонақүй өртінің егжей-тегжейі жарияланды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Кеше түнде Атыраудағы «Ақ Жайық» қонақүйінің өртенуіне қатысты толыққанды ақпарат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудағы қонақүй өртінің егжей-тегжейі жарияланды

«21:50-де бірінші өрт сөндіру бөлімшесі жеткенде «Ақ Жайық» қонақүйіне жапсарлас салынған The Guns & Roses Pub-Grille Atyrau мейрамханасының шатыры өртке оранған болатын. Қонақүйдің жалпы аумағы мен мейрамхананы қамтыған жалын шамамен 8 500 шаршы метрді шарпыған. Жедел шаралар нәтижесінде 2:13-те өрт ауыздықталып, 6:35-те толықтай сөндірілді. Ешкім зардап шекпеген», - деп мәлімдеді Атырау облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Әбдіғаппар Жұманов.

Оның ақпаратына сәйкес, өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 70 қызметкері, 19 техникасы, сондай-ақ «АТМА-Аэропорт» АҚ,  АМӨЗ «Өрт сөндіруші», «Семсер», «Арнайыавтобаза», «Атырау Су Арнасы» КМК қызметкерлері мен техникалары, 60 полиция қызметкері мен олардың 15 техникасы, жедел медициналық жәрдем, «Атырау Жарық» АҚ, сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері де қонақүй өртін сөндіруге және зардаптарын жоюға жұмылдырылған.