Атыраудағы мұз айдыны сарайы жаңа стандартқа сай емес

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы мұз айдыны сарайы жаңа стандартқа сай емес. Ескек есу спорты кенжелеп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Спорт саласындағы бұл мәселелер облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өткізген жиында талқыланды. Оның айтуынша, қысқы спорт түрлеріне қызығушылық танытатындардың қатары өскен.

«Өңірде шайбалы хоккей мен мәнерлеп сырғанауға бет бұрғандар көбейді. Әсіресе, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей мен кёрлинг секілді түрімен айналысатындардың саны артты. Енді парахоккейге қызығушылық танытып отырғандар бар. Алайда, Атырауда жалғыз мұз айдыны сарайы бар. Бұл спортшыларға тарлық етіп отыр. Оның үстіне қолданыстағы мұз айдыны жаңа стандарттарға сәйкес келмейді. Сол себептен, қосымша мұз айдыны бар нысан қажет», -дейді кёрлинг федерациясының президенті Айбар Есенғалиев.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуованың айтуынша, жаттығуға арналған қосымша мұз айдынын салу үшін жер телімі қарастырылған. Алдағы уақытта құрылыс стандарты бекітілгеннен кейін жобалау жұмыстары жүргізіледі.

Ал, ескек есу спорты кенжелеп қалған. Мұны мамандар жаттықтырушылардың жетіспеушілігімен байланыстырып отыр.

«Атырау облысында 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында 26 жаңа спорт кешенін салу жоспарланған. Қазір 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Оның ішінде Атырау қаласында 9, ауылдарда 22 спорт мектебі бар. Өткен жылы 14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі дербес мекеме ретінде спорттық базамен жабдықталып, құрылды. Бұл мектептерде 18 мың балалар мен жасөспірімдер спортпен тегін шұғылданады. Ал, 370 жас спортшы олимпиадалық резервті даярлау орталығында дайындалады. Мұнда оимпиадалық спорттың 11 түрі бар», - деп мәлім етті Нұржауған Төлеуова.

Қазақстан ұлттық құрамасына 401 атыраулық спортшы алынған. Олардың арасында Париж олимпиадасына жолдама алудан үміткерлер бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық жас шахматшы қыз әлемнің үш дүркін чемпионы атанғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
Референдум