Атыраудағы наубайханада құжатсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда карантиндік шектеу кезінде наубайханада құжатсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Учаскелік полиция инспекторларының кезекті рейді кезінде «Атырау» ықшамауданындағы наубайханада жұмысшылардың бетперде тағу режимін бұзып, қолғап кимей, жұмыс істегені әшкере болды. Бұған қоса наубайханада Өзбекстан Республикасының екі азаматының төлқұжатсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Қазір шетелдіктер жеке басы анықталғанға дейін Атырау қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орталығына орналастырылды» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Карантиндік шектеу режимін бұзған наубайхана иесіне қатысты жинақталған хаттамалар Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда карантин кезінде түнгі клубтың жұмыс істегені анықталған еді.
https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-karantin-kezinde-tungi-klub-zhumys-istegen_a3704096