Атыраудағы орталық алаңда 60 жастағы жұмысшы көз жұмды
Оқиға бүгін, 4 маусымда жергілікті уақытпен сағат 11:38 шамасында Атырау қаласында болған. WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желіде тараған ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Бүгін Атырау қаласының орталығында 1963 жылғы ер адам қайтыс болған. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барып, тексеру жүргізді. Марқұмның денесінде жарақат жоқ. Алдын ала болжамға сәйкес, ер адам денсаулығына байланысты қаза тапқан. Марқұм сол маңға жақын орналасқан құрылыс алаңында жұмыс істегені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда КамАЗ көлігі қаққан 6 жасар бала мерт болғанын хабарлаған едік.
Жол-көлік оқиғасы Атырау қаласының Жұлдыз-2 шағынауданында тіркелген. КамАЗ жүк көлігі велосипедпен келе жатқан 6 жасар баланы қағып кеткен. Көлік қаққан бала оқиға орнында мерт болды.
Сондай-ақ, Атырауда жантүршігерлік жол апатынан кейін рульдегі жасөспірім ауруханаға түсті.
Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Ерсін Қожахметовтің айтуынша, мұнайлы шаһардан Дамбы бағытына қатынайтын жолдың Қызылбалық елді мекені тұсында екі көлік соқтығысқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнында бір ересек адам мен бір жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Жол-көлік оқиғасынан екі адам зардап шекті. Зардап шеккен екі адам әртүрлі дене жарақатымен облыстық аурухана мен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.