Атыраудағы орталықта ай сайын 100 ерекше бала оңалтудан өтеді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы орталықта ай сайын 100 ерекше бала оңалтудан өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы үш жыл бұрын ашылған. Мұнда психикалық және сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы, Даун синдромы бар балалар жан-жақты оңалтудан өтеді.

«Ерекше балаларға АВА-терапия, нейрогимнастика, сенсорлық интеграция, бейімделген спорт әдістері арқылы кешенді оңалту қолданылады. Орталықта логопед, психолог қызметтері көрсетіледі. Арнайы мамандар балаларды сөйлеуге, жазуға, қоғамдық ортада өзін-өзу ұстауға үйретеді. Мұнда ай сайын 100-ден астам ерекше бала оңалтудан өтеді.

Үш жыл ішінде орталықта оңалтудан өткен 30-ға жуық ерекше бала қатарластарымен бірге балабақшаға баруға мүмкіндік алды. Ал, 15 бала мектеп табалдырығын аттады», - дейді «Зейін Атырау» орталығының жетекшісі Арай Бағытжан.

Биыл бұл орталықта Томатис-терапияның заманауи әдістемесі енгізіліп, балалармен сабақ өткізуге арналған сенсорлық бұрышы жасалған. Ерекше балалар үшін бассейн орнатылған. Бұл – жобаның құны 27 миллион теңге.

«Мемлекет ерекше балаларды оңалту жобаларына қолдау білдіріп отыр. Өйткені, сондай балаларды оңалту жұмысын тезірек жандандырсақ, олар қатарластарымен бірге қалыпты өмір сүруге бейімделеді», -дейді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Сондай-ақ, «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар 50 балаға 120 тегін курс ұйымдастырылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін биыл 3 мыңға жуық атыраулық мүгедек шипажайда тегін емделгенін жазған едік.



Соңғы жаңалықтар