Атыраудағы полипропилен зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда полипропилен шығаратын КРІ зауыты қызметкерлерінің өтінішіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудағы полипропилен зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС зауытының қызметкерлерінен кәсіпорында жаппай қысқартулар болып жатқаны жайлы шағым түскен. Қызметкерлердің айтуынша, жұмыс беруші қолданыстағы заңнаманы бұзып, оларды алдағы уақытта жұмыстан босататыны туралы мәлімдеген.

«Мемлкеттік еңбек инспекциясы басқармасына «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (КРІ) қызметкерлерінен арыз түсті. Сол арыздың негізінде еңбек инспекциясы тексеру тағайындайды. 10 жұмыс күні ішінде қарап, арызданушыларға жеткіземіз. Не себепті қысқарту болды, тиісті төлемдер болды ма, жоқ па? Еңбек кодексіне сәйкес біз бәрін тексеріп, жауабын береміз», - деді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров.

Бұған дейін әлеуметтік желіде «KPI» ЖШС-да қызметкерлерді жаппай жұмыстан босатып жатқаны жазылған болатын.

Айта кетейік, бұл кешен құрылысына 4300 адам жұмысқа тартылған. Ол толық іске қосылғанда 631 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады.