Атыраудағы Президент шыршасына 850 бала қатысты

Мерекеде бүлдіршіндер Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық видеоқұттықтауын тамашалады. Кішкентай қонақтарды Жаңа 2018 жылмен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, табыстар тіледі.
«Қымбатты балалар, біз Сендерді мақтан етеміз. Біздің болашағымыз - Сендер! Бүгінгі таңда өңірімізде 116 мың оқушы оқиды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сендер жақсы оқуларың үшін барша мектептер мен балабақшаларда заманауи технологиялар қолданылады. Сендердің міндеттерің - әке-шеше, ата-әже сенімін ақтау үшін қолда бар мүмкіндіктердің бәрін тиімді пайдалану. Сендер 2017 жылы жақсы оқыдыңдар. Жаңа жылды одан да биік жетістіктермен қарсы алуға тілектеспін!» - деді Н. Ноғаев.
Балаларға ертегі кейіпкерлерінің қызықты мерекелік көріністері тарту етілді. «Маған қатты ұнады. Мұнда балалар өте көп, бізді Аяз ата мен Ақшақар құттықтады. Бүгінгі шырша мерекесі жүрегімде сақталып қалады», - дейді Еркінқала орта мектебінің оқушысы Перизат Базылхан.
Балалардың барлығына Президенттің жаңажылдық сыйлығы: жылы киімдер, спорт киімдері, оқу құралдары және тәттілер тапсырылды.