Атыраудағы «Сарайшық» сапар орталығында Қасым ханның бейнесі алғаш рет көрсетіледі

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы «Сарайшық» сапар орталығында Қасым ханның бейнесі алғаш рет көрсетіледі. Бұл нысанды сәуір айында ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру былтыр басталып, жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

«Алайда, облыс әкімдігі Қазақстанның өзге өңірлеріндегі осындай нысандардан өзгеше болуы үшін сапар орталығының сыртқы келбетіне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Сол себептен, құрылыс жұмысының мерзімі ұзартылды. Қазір сапар орталығының құрылысы аяқталды деп айтуға болады. Енді жаңа нысанның іргелес аумағын абаттандыру үшін тас төсеу, көшет егу, сыртқы жарықтандыру, орындықтарды орнату секілді жұмыстар атқарылып жатыр. Біз құрылыс нысанына қадағалау жүргізіп, алдымен сапасына назар аударып отырмыз. Мердігерге құрылыс бойынша ескертулер жасалып, нәтижесінде қателіктер түзетілді», -деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.

Оның айтуынша, сапар орталығының құрылысына 780 млн теңге бөлінген. Осы кезге қаржының 90%-ы игерілген. Енді 10% қаржы нысан толық тапсырылғаннан кейін мердігерге аударылады.

Сапар орталығындағы музей экспозицияларын орнату жұмыстарын «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС жүргізеді. Серіктестіктің даму жөніндегі директоры Ринат Кутдусовтың айтуынша, «Сарайшық» сапар орталығы – Алтын Орда кезеңіне арналған еліміздегі бірегей нысан.

«Сарайшық – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Сапар орталығында моңғолға дейінгі кезең, моңғол кезеңі, сондай-ақ, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы кезеңдеріне арналған бірнеше экспозициялық аймақ болады. Бұл экспозицияларға бірқатар құнды дүниелер, оның ішінде Сарайшық қалашығының материалдық мұралары, дәл осы жерден әр кезеңде табылған жәдігерлер, Алтын Орда туы немесе бүгінде кейбір елдердің мемлекеттік елтаңбаларында бар қос басты бүркіт белгісі қойылады. Бұл белгі Сарайшықтан табылды. Қасым хан мен Бату ханның бейнелері алғаш рет осында көрсетіледі. Бұл тұлғалардың бейнелерін жасау үшін ғаллымдармен бірлескен жұмыс атқарылды», -дейді Ринат Кутдусов.

Оның пікіріне сүйенсек, орталықта ғылыми негізде қайта жасалған Сарайшықтың бірегей макеті ұсынылады. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың бейнесін жасауға ғалымдар көмектескен.

«Барлық экспозицияның мультимедиялық нұсқасы жасалды. Бұл сапар орталығының қонақтарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Мұнда алты экспозициялық зал мен көрме павильоны бар», -деп мәлім етті Ринат Кутдусов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы «Сарайшық» музей-қорығында қонақүйі бар визит-орталық салынып жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар