Атыраудағы жаңа шағын аудандарда екі саябақ салынады
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Нұрсая» және «Самал» шағын ауданында жаңа саябақтар салынады.
«Қазір «Нұрсая» шағын ауданындағы саябақ құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталды. Жобалаушы мекеме – «Redline pro» ЖШС. Жаңа саябақ 5 гектар аумақта орналасады. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында балаларға арналған ойын алаңдарын жаңғырту қолға алынды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Саябақтың негізгі тұжырымдамасы тұрғындардың көгалда демалу бағытында жобаланған. Онда жүгірушілер мен велосипедшілерге арналған арнайы жолақтар, жарық шамдары, көлік тұрағы, субұрқақ салынады. Аумақтың көп бөлігіне ауа райына икемделген көшеттерді көптеп егу қарастырылған», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ «Самал» шағын ауданында салынатын саябақ құрылысының құжаттамасы жасақталып, сараптамаға енгізілді. Оның жобасын «Вибо Строй» ЖШС дайындаған.
«Бұл шағын аудан – жеке тұрғын үй секторына арналған аумақ. Жаңа саябақта тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған футбол, баскетбол және волейбол, ашық теннис корты мен жаттығу алаңы қарастырылған. Мұнда да жарық шамдары орнатылып, көшеттер егіледі. Суару желісі мен өрнектастар төселіп, көлік тұрағы болады», - деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Отбасы күніне орай жаңа саябақ ашылғанын хабарланған еді.
Фото: Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі
