Атыраудағы жәрмеңкеде 25 шетелдік компания бос орындар ұсынады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Шетелдік 25 компания Атырауда өтетін жәрмеңкеде бос орындарды жариялайды. Жұмыссыз азаматтарға 300-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәрмеңкені «Жастар еңбек биржасы» жобасы аясында жастар ресурстық орталығы өткізеді. Шараның негізгі мақсаты - жастарға еңбек нарығының қазіргі ахуалы, жұмыскерлерге мұқтаж ұйымдар мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беру.
«Уақыт бір орында тоқтап қалмайды. Кейбір мамандықтарға сұраныс жоқ. Жұмыссыз жастар мамандық бойынша қалаған жұмыс орнын таппаса да, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпарат алып, қайта білім алуға қатысты сауалдарға жауап алу мүмкіндігіне ие болады», - деді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Роллан Құспан.
Бос орындар жәрмеңкесі 5 қазан күні сағат 10.00-12.00 аралығында «APEC Petrotechnic» колледжінде өтеді.