11:57, 16 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Атыраудағы жәрмеңкеде 650-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды
Атырауда Еңбек күніне орай өткен жәрмеңкеде 43 мекеме 651 бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, жұмысшы мамандығына сұраныстың артқаны байқалды.
«Жәрмеңкеде 651 ваканттық жұмыс орындары ұсынылды. Оның 584-і қарапайым жұмысшы мамандықтары – жүргізуші, ағаш сатыны монтаждаушы, аспаз, ас үй қызметшісі, күзетші, қоймашы, спреймен әрлеуші, даралаушы, белгі беруші, электрик, тігінші, даяршы, бармен, тазалаушы, кір жуушы, жөндеуші, түрлі бағыттағы операторлар. Инженерлік позициялар бойынша 67 бос жұмыс орны анықталып отыр. Бұл – техника қауіпсіздігі инженері, құрылыс инженері, инженер-механик, инженер-электрик секілді мамандықтар», - деді Азамат Мәмбетов.
Бос жұмыс орындарын ұсынған компаниялар қатарында «Денхолм Жолдас», «Экспертиз», «Беркит Сэйфти», «ЮСС Суппорт Сервисез», «Нефтестройсервис, «Карат», «Orion Group KZ», «FSSA» секілді компаниялар бар. Сондай-ақ, ілікті мамандар «Атырау жылу орталығы» АҚ, «Атырау жарық», «Болашақ Атырау», «АМӨЗ», «Тenaz Management», «Электростроймонтаж», «Казтурборемонт» компанияларына қажет.
«Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындарына жұмыссыз жүргендер түйіндемесін тапсырды. Олар компаниялардың талабына сәйкес тест тапсырады. Содан кейін жұмысқа қабылданады», деп мәлім етті Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында бос жүрген 10 718 жастың үштен бірі жұмысқа орналасқанын хабарлаған едік.