Атыраудан Ресейге баратын жолды жөндеп жатқан компанияға айыппұл салынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудан Ресейге баратын жолды жөндеп жатқан компанияға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша Экология департаментінің қызметкерлері «Ақ жол құрылыс» ЖШС-ға экологиялық заңнаманы сақтауға байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл компания «Ақтөбе – Атырау - Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы А-27 республикалық маңызы бар жолдың 693-753 шақырымын реконструкциядан өткізіп жатыр.

«Жоспардан тыс тексеру кезінде заң талабының бұзылғаны анықталды. Республикалық жолға реконструкция жұмыстарын жүргізу учаскесінде – Атырау облысы, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының маңында орналасқан өндірістік базасында бетон, темір, ағаш, құрылыс материалдары, қара түсті сұйық майларды жинайтын темір бөшкелер ашық күйде сақталған. Басқа да қалдықтарды жинау үшін арнайы жабдықталған орындар жоқ. Қалдықтар база аумағында әр жерде шашылып жатыр. Өндірістік базадағы қоқыс жәшіктерінде араласып жатқан қағаз, пластикалық бөтелкелер, картон, целофан, тұрмыстық қалдықтар, құрылыс материалдары, майлы шүбіректер секілді қалдықтар сұрыпталмаған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Департамент қызметкерлері заң талабының бұзылуына байланысты «Ақ жол құрылыс» ЖШС-ға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырған. Компания әкімшілік айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуді сұраған. Сол себептен, компанияға 1 млн 035 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда лас судан көл жасаған кәсіпорынға 10 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар