Атыраудан салынып жатқан жолдың жиегін жаңбыр суы шайып кетті

Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі аралықта салынып жатқан жолдың жиегін жаңбыр суы шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраудан салынып жатқан жолдың жиегін жаңбыр суы шайып кетті

Жаңбырдан кейін тас жолдың жиегінде шұңқыр пайда болған. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы жолдағы ахуалды түсіндірді.

«Қазір республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» автомобиль жолының 853-893 шақырымы аралығында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер мекеме - «Сине Мидас» ЖШС. Бірнеше күн толассыз жауған жаңбыр суы тас жолдың жиегін шайған. Осыған байланысты тапсырыс берушіден мердігер мекемеге қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берілген Бейнежазбада көрсетілген 156-шақырым тұсындағы жолдың жиегінде пайда болған шұңқырды қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр», -делінген облыстық филиалдың ақпаратында.

Қалпына келтіру жұмысына қажетті техника мен материал жеткілікті. Мердігер компанияның жұмысы техникалық қадағалау мамандарының қатаң бақылауында болады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресеймен шекараға дейінгі жолды жөндеуге 18 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған болатынбыз.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, өңірде республикалық автожол желісі – 1126 шақырым.

«Бұл өңір аумағымен Ресейдің Астрахань облысынан Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы Түрікменстан Республикасымен шекараға дейінгі, Орал-Атырау және Ақтөбе-Атырау бағытындағы жол өтеді. Биыл республикалық жолдарды дамытуға 36 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 18 млрд теңге Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолды реконструкциялауға жұмсалады. Қандығаш – Мақат бағытындағы трассаға 7,9 млрд, Орал-Атырау жолын реконструкциялау үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 300 млн теңге қаралып отыр», -деді Болатбек Айтбаев.