Атырауды медицина қызметкерлеріне арнап тоғыз қабатты үй салып жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауды медицина қызметкерлеріне арнап тоғыз қабатты үй салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«297 пәтерлі үй - қарқынды дамып келе жатқан «Нұрсая» ықшам ауданында салынып жатқан заманауи тұрғын үй кешені. Кешеннің жалпы ауданы - 20 мың шаршы метр. Тұрғын үй кешенін салуға жалпы 3,3 млрд теңге жұмсалып отыр. Осы жоба үлестік қатысу негізінде іске асырылуда. Яғни, үйдің құрылысына жергілікті құрылыс компанияларының бірі және «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаражат құйған. Жаңа үйдегі пәтерлер, ең алдымен, медицина қызметкерлеріне сатылады. Бұл уәкілетті ұйым ұсынған тізімге сәйкес жасалады. Үй құрылысына сұраныс бар әрі ол аз да емес. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешеніндегі отыз бір пәтерді сатып алу-сату келісімдері жасалды. Сатылған пәтерлер тұрғын үй кешенінің тұтас бір бөлігін құрайды. Медициналық қызметкерлерге және басқа да әлеуметтік салаларда жұмыс істейтіндерге, оның ішінде мұғалімдерге тұрғын үй сату «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» Атырау филиалы арқылы жүзеге асырылады. Бұл қарыз алушы үшін өте қолайлы шарттар. Бастапқы жарнасы сатылатын баспана құнының, яғни пәтер бағасының небәрі 20 пайызын құрайды. Несиенің орташа жылдық мөлшері - 6 пайыз. Бұл да көп емес. Бір шаршы метрдің бағасы 180 мың теңгеге бағаланып отыр», - деп мәлімдеді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй кешені келер жылдың аяғына қарай пайдалануға тапсырылуы тиіс.